Серік Аханов және Әсем Нұрғалиева Solva директорлар Кеңесінің құрамына кірді
«ОнлайнКазФинанс МҚҰ» АҚ (Solva) компанияның Директорлар Кеңесінің екі тәуелсіз мүшесінің тағайындалғаны туралы хабарлайды: Серік Аханов, Қазақстан Қаржыгерлер Қауымдастығы Кеңесі Төрағасының кеңесшісі және Әсем Нұрғалиева, Kazpost Digital басқарушы директоры және Technowomen Central Asia-ның тең құрылтайшысы
Серік Аханов пен Әсем Нұрғалиеваның тағайындалуы Solva-ны микроқаржы ұйымынан банкке айналдыру аясында директорлар Кеңесін қалыптастырудағы соңғы қадам болды. Осылайша, Solva директорлар Кеңесінің құрамына бес адам кірді, олардың төртеуі – тәуелсіз директорлар; кеңестің 40%-ы – әйелдер.
Директорлар Кеңесі аясында Әсем Нұрғалиева кадрлар, сыйақылар және әлеуметтік мәселелер жөніндегі Комитеттің (Social impact, compensations and ethics committee) жұмысына басшылық жасайтын болады. Серік Аханов стратегия және даму Комитетін (Growth and strategy committee) басқарады, сондай-ақ кадрлар, сыйақылар және әлеуметтік мәселелер жөніндегі Комитеттің құрамына кіреді.
Серік Ахановтың мемлекеттік және жеке секторларда үлкен тәжірибесі бар. Атап айтқанда, ол ҚР Президенті жанындағы экономикалық кеңесшілер Кеңесі басшысының орынбасары, экономика министрінің бірінші орынбасары, шетелдік инвестициялар жөніндегі Ұлттық агенттіктің төрағасы, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары, ҚР қаржы министрінің орынбасары қызметтерін атқарды. Оның Қазақстанның ірі банктерінде де жұмыс тәжірибесі бар.
Қазіргі уақытта Серік Ахметжанұлы кеңесші, Қазақстан Қаржыгерлер Қауымдастығы Кеңесінің төрағасы, Ұлттық Банк қызметінің басым бағыттары бойынша зерттеулер жүргізу үшін гранттар беру жөніндегі комиссияның мүшесі, «Алматы қаласындағы Қытайдың сауда-өнеркәсіп Банкі» АҚ еншілес ұйымының директорлар Кеңесінің мүшесі қызметін атқарады.
Серік Аханов, «ОнлайнКазФинанс МҚҰ» АҚ (Solva) директорлар Кеңесінің тәуелсіз директоры:
«Solvа-ны трансформациялау үдерісінде директорлар Кеңесінің мүшесі болу – бұл үлкен жауапкершілік. Компания үшін маңыздысы – корпоративтік басқару жүйесін одан әрі сапалы дамыту».
Әсем Нұрғалиева қаржы секторында ақпараттық технологияларды дамытуға баса назар аударады: 7 жыл бойы Бірінші несие бюросының Атқарушы директоры қызметін атқарды. Әсем «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасы жанындағы АКТ, білім және инновациялар комитетінің мүшесі болып табылады. Бүгінде Әсем Kazpost Digital басқарушы директоры, Technowomen Central Asia-ның тең құрылтайшысы болып табылады. 2023 жылы Әсем IT-индустриясындағы үздік жетістіктері үшін «Woman in Tech» номинациясы бойынша Digital Almaty Awards 2023 сыйлығының иегері атанды.
Әсем Нұрғалиева, «ОнлайнКазФинанс МҚҰ» АҚ (Solva) директорлар Кеңесінің тәуелсіз директоры:
«Мен үшін Solva-ның директорлар Кеңесіне қосылу – бұл маған деген сенім және қаржы ұйымында корпоративтік басқарудағы тәжірбиені қолдануға жақсы мүмкіндік. Осы салада жұмыс істеп жатқаныма 15 жылдан асты, мен шағын және орта бизнесті дамытуды және технологияларды қолдана отырып бизнес-модельдерді трансформациялау мәселелерін толық қолдаймын. Әсіресе, маған ұнайтыны Solva-ның әйелдер кәсіпкерлігін, ESG-стандарттарын, осы саладағы инновацияларды қолдайтыны – мұның бәрі ел экономикасына тікелей оң әсер етеді».
Константин Барабанов, Solva Group ltd бас директоры:
«Solva-ның директорлар Кеңесінде осындай танымал кәсіпқойларды қарсы алу біз үшін үлкен мәртебе. Серік Ахметжанұлы Ахановтың қаржы және мемлекеттік секторларда көлемді сараптамасы, сондай-ақ Қазақстанның ірі банктерінде көп жылдық тәжірибесі бар. Әсем Нұрғалиева елімізде цифрлық инновацияларды енгізу және финтех-саланы дамыту бағытында мойындалған сарапшы болып табылады. Ең бастысы, директорлар Кеңесінің жаңа мүшелері біздің ESG стратегиямыздың мақсаттары мен құндылықтарын, сондай-ақ тұрақты даму күн тәртібіне негізделген қаржы институтын дамыту жөніндегі жоспарларымызды толығымен қолдайды. Біз Серік Ахметжанұлы Аханов және Әсем Нұрғалиеваның білімі мен тәжірибесі Solvа-ның банкке айналу жолындағы ең құнды активі болатынына сенімдіміз».