Осыған дейінгі материалда қаржылық жоспарлау деген не екендігі және ол не үшін қажет екендігі туралы айтқан болатынбыз. Ал енді нақты қадамдарды талқылайық. Осы бағыт бойынша бірнеше практикалық ұсынымдар беріледі.
Шығындарды/табысты есепке алу кестесін жүргізуді бастаймыз
Бұл еңбек көп жұмсалатын және әдетте жалықтыратын процесс, алайда оның нәтижесі сізге ұнайтындығы сөзсіз. 2-3 ай ішінде отбасыңыздың ай сайынғы табысын және қаражаттың қайда жұмсалатындығын түсінесіз.
Есепті тұрақты негізде жүргізу, тіпті майда шығындарды жазу – осының барлығы бір ай ішіндегі шығынның жалпы көлемін анықтауға бастайтын қадамдардың бірі. Шығындарды санаттар бойынша бөлген жөн, мысалы, тұрмыстық қызметтерді төлеу, ойын-сауыққа байланысты шығындар, денсаулық және т.с.с. Сонымен бірге сіз нақты саладағы шығындарыңызды талдай аласыз.
Шығындарды/табыстарды талдаймыз
Міндетті түрде ай сайын тұрақты негізде жұмсайтын шығындарыңыздың көлемін анықтаңыз. Әрбір санатқа қанша қаражат жұмсалатындығын есептеңіз. Әрбір санат (азық-түлік, көлік, интернет және т.с.с.) бойынша шығындардың орташа мәнін анықтаңыз.
Мақсатты анықтаймыз
Жоспарлар белгілі бір мақсатқа сәйкес құрастырылады. Оларды құрастырып, мақсатыңызға қол жеткізуге қажетті мерзімді орнатыңыз. Мақсатқа қол жеткізуді ұзақ мерзімге (10, 15, 20 жыл) немесе қысқа мерзімге (3, 4, 6 ай) жоспарлауға болады.
Жоспарды әзірлейміз
Жоспарға тұрақты ай сайынғы шығындарды енгіземіз. Ары қарай мақсатқа қол жеткізу тәсілдерін анықтаймыз: жинау, кредит ресімдеу, достарыңыздан немесе туыстарыңыздан қарыз алу. Егер қаражат жинау туралы шешім қабылдасаңыз, тиісті аударым сомасын жоспарға енгізіңіз. Егер қарызға қаражат алуды жоспарласаңыз, соманы және төлем мерзімін жоспарға енгізуді ұмытпаңыз.
Есепке алу процесін оңтайландырамыз
Жоспарлау процесін жеңілдететін арнайы бағдарламалар да жеткілікті. Оларды смартфон немесе стационарлық компьютер арқылы пайдалануға болады. Мысалы, мұндай бағдарламалар автоматты түрде табыстан міндетті төлемдерді алып тастайды, ал қалған қаражатты күндерге/апталарға бөле отырып, ірі сатып алуға қажетті соманы жинау үшін қандай соманы және қандай жиілікпен жинауға болатындығы туралы ұсынымдарды береді. Бұл арнайы бағдарламалардың функцияларының шағын бөлігі ғана. Қазіргі таңда отбасының барлық мүшелері бюджетті қадағалауға қызығушылық танытса, кейбір қосымшаларда бірден бірнеше адамды қосу мүмкіндігі де қарастырылған.
Жоспарды ұстанамыз және өзгерістерді уақытылы енгіземіз
Сіздің жоспарыңыз берік қамал емес екендігін есте сақтаңыз. Біз жылдам өзгеретін әлемде өмір сүреміз, тиісінше біздің басымдылықтарымыз бен мақсаттарымыз өзгеріп отырады. Жоспарға түзетуді уақытылы енгізіңіз, өзекті емес ақпаратты алып тастаңыз. Мұндай әрекеттер өте маңызды.