Біз Алматы қаласының тұрғыны, баспахана мен брендтелген өнім өндірісіне қатысты бизнес иесі Раушан Жакуповамен әңгімелесіп, кәсіпті нөлден бастау, клиенттер бейілділігін қалыптастыру, қызметті өзгелерге жүктей білу, өзіңе, өз ісіңе деген сенімділік жайлы сөйлестік.
Брендтелген өніммен айналысуыңызға не түрткі болды?
Жұмыс тәжірибем бірден кәдесыйлықтар жасап шығару саласынан басталды. Шамамен 7 жылдай банкте жұмыс жасап, кәдесыйлықтарды таңдаумен, сатып алумен айналыстым. Яғни осы салада тапсырыс беруші ретінде қызмет еттім.
Кейін бұл салада өскім келіп, корпоративтік клиенттерге кәдесыйлықтарды жасап шығаратын ірі компанияға ауыстым. Сол жерде мол тәжірибе алдым – өнімді сату, оны дайындау сияқты процестерді өз көзіммен көрдім. Бұл компанияның Астанадағы кеңсесінде бірнеше жыл жұмыс жасап, кейін құрбыларыммен бірігіп жарнама агенттігін аштым. Біртіндеп кәсібіміз бәсеңдеп, тетелес туған балаларыммен декретке кеттім.
Өз ісіңізді ашу идеясы қалай туындады?
Мен екі баламен Астанадан Алматыға қайта оралдым, түрлі салаларда өзімді сынап көрдім, бірақ бәрібір кәдесыйға айналып қайта келдім. Осы салаға бейімділігім басым, өз ісімді жанымдай жақсы көремін. Қызықты тапсырыстар мен шығармашылық жобалар мені шабыттандырады.
Мен дайын бизнесті сатып аламын деп шештім. Сөйтіп, 2018 жылы сауда орталығындағы фотосалонды сатып алдым. Соның арқасында өніммен жұмыс жасаудың басқа қырларын таныдым. Мысалы, текстиль, тәрелке, төсбелгі және тағы сол сияқты нәрселерге сурет пен жазу түсіретін жабдықтармен жұмыс істеуді меңгердім. Техникаға әрдайым керек-жарағын алып, үнемі күтіммен қарау керектігін түсіндім.
Осы бизнеспен бір жарым жылдай айналыстым. Сосын пандемия басталды. Сондықтан жұмыс бағытын корпоративтік салаға ауыстырдым.
Сауда орталығынан неге көштіңіз? Қазір кеңсеңіз қайда?
Жалдау құны күн сайын өсе бастады. Сауда орталығының басты артықшылығы – адам саны көп. Десек те, кем тұстары да жеткілікті. Бастысы – жалдау ақысы жоғары, бұған қоса жаз айларында адамдар уақыттарын таза ауада өткізгенді қалайды, сол себепті осы кезеңде адам саны күрт азаяды.
Кеңсені жалға алу неғұрлым қымбат болса, соғұрлым тапсырыс бағасын өсіруге тура келеді. Салмақ клиенттерімізге түспек. Қазір кеңсеміз цехте орналасқан. Бұл жерде клиенттерге көрсете алатын өнім үлгілері мен баспа машиналары бар.
Сіз сияқты баспахана ашу үшін бастапқы капитал қанша болу керек?
Шамамен 2 млн теңге.
Бастапқыда қаражат не үшін жұмсалады?
Пештерге және ең қажетті жабдыққа (1 станок) жұмсадық.
Басында қандай қиыншылықтарға тап болдыңыз?
Бұған дейінгі кәсібім құрбыларыммен бірге болғандықтан, бір бірімізге демеу беріп, қиыншылықтарды оңай өткердік. Ал жеке ісіме қолымдағы бар қаражатты құйдым, әрі қарай не болары белгісіз болды.
Алғашында барлығы таңсық болды: қызметкерлерге жалақы төлеу, ғимаратты жалға алу, жабдықтарды сатып алу. Табысым аз болды. Тапқанымның басым бөлігі балаларымның күтушісіне, балабақшаға, коммуналдық төлемге, тамаққа кетіп отырды.
Неге сіз Solva-ны таңдадыңыз және бөлінген ақшаны қайда жұмсадыңыз?
Айналым қаражаты таусылғанда, Solva-ға хабарластым. Өтінішті онлайн толтырдым, тексеруден өтіп, ақыры маған микронесие берілді. Дегенмен Solva-ға тағы бір жүгінгенім бар: бүкіл қаражатым тауарға жұмсалғандықтан, қызметкерлерге төлейтін жалақы, жаңа тауар сатып алуға ақша болмады.
Solva маған қолдау көрсетіп, сенімді жүруіме ықпал етті. Төлемдер өзіме ыңғайлы, оларды алаңсыз төлеп жүрмін.
Бизнесті жаңа бастап жүрген кәсіпкерлерге салық салу саласын түсіну, жеке кәсіпкер мәртебесін алу қиынға соғып жатады, сіздің тәжірибеңіз қандай болды?
Фотосалонды сатып аларда маған жеке кәсіпкер болып тіркелу керек болды, себебі онсыз сауда орталығы әкімшілігімен жалға алу шартын жасасу мүмкін болмады.
Фотосалонның бұрыңғы иелері бұрыннан істесіп жүрген бухгалтерлік компанияның телефондарын берді. Мен бірден есеп-қисапқа қатысты жұмыстарды мамандарға аутсорсқа бердім.
Онлайн-кассаны 20 мың теңгеге сатып алып қостым, ал қызметі үшін айына 2,5-3 мың тг төледім.
Клиенттерді қалай іздедіңіз?
Басында сауда орны клиенттерді берді, кейін мен Инстаграмды дамыта бастап, сторис жасап, жарнама сатып алдым. Сөйтіп инстаграм маған жаңа клиенттер бере бастады. Қазір әлеуметтік желіде белсенді болмасақ та, күніне 1-2 тапсырыс түсіп жатады.
Табысты қалай арттырдыңыз?
О бастан ісіме сендім, сондықтан минуста болған жоқпын. 2021 жылы пандемиядан кейін жұмыс ағылды, корпоративтік тапсырыстар көбейді. Ол кезде OLX пен Инстаграм арқылы сататынмын. Бұған қоса, сату қабілетім де жемісін берді: әр түрлі компанияларға көп презентация жасадым, адамдармен таныстым, мені басқа біреулерге ұсына бастады. Нәтижесінде 2021 жыл табысты болды. Қазір өзімді сенімді сезінемін.
Табысыңыз бизнесті одан әрі дамытуға мүмкіндік бере ме?
Иә, биыл түскен табыстың бір бөлігін ірі жабдыққа жұмсадым. Бұл мүмкіндігімізді арттырып, баспахананың қызмет аясын кеңейтті. Жұмсалған қаражат ақталды.
Күніне қанша тапсырыс аласыз?
Орта есеппен 3-тен 5 тапсырысқа дейін. Ең көбі – 10 тапсырыс.
Командаңыз бар ма? Қызметкерлерді қалай табасыз?
Иә, тұрақты бір қызметкерім бар. Одан бөлек тапсырыстың көлеміне байланысты уақытша көмекшілерді шақырамыз. Бұл клиенттер тапсырысының құнын азайтуға мүмкіндік береді.
Әдетте персоналды naimi.kz-тен табамыз. Уақытша персоналдың ішінде сенімді қызметкерлер бар, олар өздерін жұмыста жақсы көрсетті, көп тапсырысымызды орындаған жандар.
Оларға қандай жұмысты жүктейсіз?
Қондыру және баспа. Жұмыстың негізгі блогы – сату менің мойнымда. Мен клиентті жақсы білемін, оған не керегін түсінемін, бюджетін үнемдеудің жолдарын білемін, сол себепті әзірге өзімді алмастарытан адам таппадым. Қалған техникалық тапсырмаларды – қондыру, өндіру және жеткізуді басқаларға жүктеймін.
Кәсіпкерлерде демалыс жоқ, олар 24/7 күн бойы жұмыс істейді деп жиі айтады. Өзіңізге, отбасыңызға жеткілікті уақыт бөлесіз бе?
Күнімді жоспарлай білемін. Мен 15.00-ге дейін шұғыл жұмыстарды жасаймын, кездесулерге барамын. Бұдан кейін балаларды үйге әкелемін, олардың тамағын беріп, басқа жұмыстарыма кірісемін, коммерциялық ұсыныстар жазамын.
Бизнес пен отбасыны араластырмаймын. Балалармен болғанда телефонымды қолға алмаймын, демалысты отбасыммен өткіземін.
Баспахана – күрделі бизнес, оны басқара білу үшін көп нәрсені білу керек, солай ма?
Иә, дұрыс айтасыз. Бұл бизнесте күтпеген кедергілер көп. Мысалы, логотип, суретті материалға түсірудің әр түрлі жолдары болады. Кейбір материалдарды тестілеу керек. Өткенде біз 35 мың теңгеге пленка сатып алдық, ол сапасы жағынан өте нашар болып шықты, ақшаны босқа кетірдік. Алайда енді пленка сапасына қатты мән беретін болдық. Аздап қымбат болса да текстильдің де сапалысын алу керек. Клиент арзан футболка іздегенде көңілім түседі, себебі үнемдеу сапаның түсуіне алып келеді. Қазір еуропалық материалдарға баса назар аударар едім.
Клиенттермен қарым-қатынасты қалай орнату керек?
Клиенттердің пікірлеріне көп мән беремін. Жасап жүрген өнім үшін ұялғым келмейді. Мынадай жағдай болды: клиентке америкалық брендтің футболкаларын ұсындым, алайда ол арзанырағын таңдады. Бір жылдан соң бұл футболкалар тозып кетті. Клиенттеріме осы сияқты нәрселерді түсіндіруге тырысамын. Егер олар арзан нұсқаны таңдаймыз деп тұрып алса, әрине онда тапсырыстарын орындаймын. Бірақ сапасы ойдағыдай болмайтынын ескертемін. Клиенттерімнің ойынан шығуға тырысамын, мүмкін сол себепті олар маған қайта қатып келеді.
Корпоративтік бизнеске өз бюджеттерін кімге сеніп тапсыратындары маңызды. Көптеген ірі компаниялардың сенімді тапсырыс жасаушылары бар, олардың сапасы ойдан шығады, сондықтан компания осы сенімді мердігерлермен ғана жұмыс жасайды.
Тауарды сіз қай жақтан әкелесіз? Логистиканы ойластыру қаншалықты қиын?
Клиент тапсырысының спецификасына байланысты бұны өзіміз осы жерде тігеміз (сапасына сенетін тігіншім бар), әлде Қытай, Еуропа немесе Ресейдің сенімді жеткізіп берушілеріне тапсырыс беріп, логотипті осы жақта желімдейміз.
Қытайдан тапсырыс жасауда бұрынғы әріптесім көмектеседі, ол 15 жылдай сол жақта тұрады, кәдесыйлықтар мен логистикада тәжірибесі бар.
Қазір Қытайдан тауар жеткізу жақсара түсті. Бұрын 40 күн күтсек, 2022 жылдан бері 14-16 күнде жеткізеді.
Болашаққа қандай жоспарыңыз бар?
Ісімнің кең етек жайғанын, баспаханамыз туралы көп адам білгенін қалаймын. Сондай-ақ, клиенттермен жұмыс жасайтын және жабдықтарымыз тұратын бөлек бөлмелері бар жаңа кеңсеге көшкенімізді де қалаймын. Ішкі процестерді автоматтандыру, яғни CRM жүйесін орнату жоспарда бар. Бұл күнделікті мәселелер мен тапсырыстарды автоматты қадағалауға мүмкіндік береді.
Бизнесті жаңа бастаған кәсіпкерлерге не тілейсіз?
Көп еңбек ету керек, аспаннан алақанға ештеңе түспейді. Егер бизнесіңізге деген сенім болмаса, онда кәсіпкерлікті босқа бастадыңыз. Бастапқыда мен таза энтузиазммен жүрдім. Қиын болды, бірақ барлық қиындықтарға төтеп бердім, көп табыс тапқан жоқпын. Дегенмен отбасымды асырай алдым, бала күтушісіне төледім. Өз өзіме сенбесем түк шықпас еді.