Solva.kz App

4,8
Жүктеу

Мен 5 жыл бұрын таратқан визиткаларым әлі күнге дейін клиенттер алып келуде.

Интервью
  • #Әйелісі

Құрақ көрпе тігу брендінің тарихы.

Өз оқиғасымен Құндыз Сәрсекеева, ұлттық нақыштағы көрпе және жастық тігумен айналысатын AZATOM брендінің негізін қалаушысы бөлісті.

Өз ісімді бастау идеясы қалай келді

2014 жылы үйіміз өртеніп, екі баламыз үймен бірге өртеніп кетті. Өрттен кейін денсаулығым нашарлап, жұмысқа орналаса алмадым.

14 жасымнан жұмыс істеп үйрендім – үйде бос отыра алмадым. Табыс табудың жаңа жолдарын іздей бастадым. Бауырсақ, тәттілер пісіріп, салат жасап көршілеріме саттым. Нәтижесінде мен өзіме ұнайтын істі таптым.

Сол жылы тігін машинасын игере бастадым. Менің апам көрпе тігу шебері болатын. Кішкентай кезімде апама көмектесуші едім. Апам тамаша шебер кісіболатын. Ол кісі қайтыс болғаннан кейін маған мұра ретінде апамның ескі тігін мәшінкесі бұйырды. Осылайша көрпе мен құрақтан бұйымдар тігуді бастадым.

Трендтегі «Раушан» жастығы

Мен туралы алғашқы клиенттерім қалай білді

Алғаш тіккен бұйымдарымды туыстарым мен жақындарыма сыйға тарттым. Олардан менің бұйымдарым туралы туыстары және достары біліп, маған тапсырыс жасай бастады. Осылайша мен алғашқы тапсырыстарымды ала бастадым.

2016 жылы маған таныс келіншектер тігуді үйрет деген ұсыныспен хабарласа бастады. Сол кезде онлайн білім беру дами бастаған кез. Мен де көпшілік секілді онлайн сабақтарға қатысып, көрпе тігу бойынша курс өттім. Қызым өз онлайн курсымды жасау туралы ой тастады.

Әр бұйымның өз клиенті бар

Мен көрпеден бастап тақияға дейін тігемін. Әрбір бұйымның өз клиенті бар. Оюкөрпелер ерекше сұранысқа ие. Бұған қоса маусымдық сұраныста бар. Мысалы, өткен жылы ”Раушан” жастықтар хитке айналды. Оларды 8 наурызға сатып алды. Балабақша балаларына доп түріндегі жастықтарға тапсырыс береді. Менің бұйымдарым тек қуаныш сыйламайды, сонымен қатар пайдалы.

Көбнесе көрпе мен жастықтарды үйде ұлттық бұрыш жасау немесе шетелде тұратын туыстарына отанын еске алып жүрсін деген ниетпен сыйға тарту үшін сатып алады. Біздің бұйымдарымыз мұндай мәселелерді жақсы шешеді. Жақында менің жастықтарым АҚШ-қа кетті. Мұндай бұйымдарды сатып алу үшін маған келгеніне өте қуаныштымын.

AZATOM атауы қалай пайда болды

Онлайн-курсты іске қосу үшін Инстаграм қажет болды. Аккаунтты өрт кезінде қайтыс болған балаларым Азамат пен Томиристің атымен атаймын деп шештім. Осылайша AZATOM – балаларымның аттарының алғашқы буындарынанқұрылған бренд аты пайда болды. Бренд атын адамдар бірден қабылдамады, жиі шатастырып, дұрыс айтпады. Оған қарамастан мен AZATOM брендін Қазақстанда ғана емес, мемлекеттен тыс аймақтарда танымал етуді мақсат еттім. Көптеген танымал компаниялардың атауы адамдардың аты немесе тегінің қысқартуларынан тұрады. Мысалы, Adidas компаниясының атауы оныңнегізін қалаушы Адольф (Ади) Дасслердің аты мен тегінен тұрады. Мен де AZATOM брендінің танымал болатынына сенемін. Көптеген сатып алушылар менің атымды білмесе де, AZATOM брендімен таныс.

Іс бастау және өзіңіз туралы жариялау қиын болды ма

2018 жылы менің танысым әйелдерге арналған мұсылман киім жәрмеңкесіне қатысуды ұсынды. Басында киім тікпеген соң қатысқым келмеді, бірақ танысым:«Сенің не сататының маңызды емес, бастысы, сені тани бастағаны маңызды»деген соң жәрмеңкеге қатыстым. Жәрмеңкеге бір ай дайындалдым. Шығындарды жұбайым өзіне алды.

Алғашқы жәрмеңкеге қатысу тәжірибем қандай болды. Бұйымдарымасұраныс болды ма

Жәрмеңке кезінде мен ештеңе сатпадым, бірақ алдын ала тапсырыс берген барлық 500 визиткамды тараттым. Байланыс нөмірімді сұраған адамдарға тіпті бұйымдардың заттаңбаларын жұлып беруге тура келді. Визиткалар жұмыс істейтіндігіне көзім жетті. Сол кезде таратылған визиткалар әлі күнге дейін клиенттер алып келуде. Содан бері кететін қаражатқа қарамастан барлық жәрмеңкелерге қатысамын.

Мені теледидарға қалай шақырды

Мен көптеген жәрмеңкелер мен фестивальдерге, оның ішінде 2019 жылы ЫрзаТұрсынзада (ред. – «Алтын Орда» авторлық дизайнмен айналысатын қазақстандық үйдің негізін қалаушы) ұйымдастырған «Көрпе Fest» фестиваліне қатыстым. Мен 400 қатысушының ішінен үздік 40 қатысушының тізіміне іліктім. Фестивальге дайындалып жатқанда бұйымдарды сатудан түскен қаражатты өзіме алмай, мұқтаж отбасыға беремін деп шештім. Фестивальдің алдында көрпелер дайын болғанда маған «Астана» телеарнасының «Пендеміз ғой» бағдарламасынан хабарласты. Олар жалғыз басты анаға бір бөлмелі пәтердің кілтін, ал қоныс тойына көрімдік ретінде көрпе сыйлауды ойластырған екен. Алланың қалауымен менің және ұйымдастырушылардың ойы бір жақтан шығып, мен бағдарламаға қатыстым. Фестивальге тіккен көрпемді әлгі отбасыға сыйға тарттым. Көптеген адамдар мені теледидарға тегін шақырғанына сенбеді. Ал шынында ұйымдастырушылар мені Инстаграм парақшам арқылы тапқан.Мұқтаж адамдарға көмектескенде, ізгі істі шын ниетпен істегенде, Алла жақсылықты екі есе қайтарады.

Енді мен өзім жәрмеңкелерді ұйымдастырып, шеберлерді шақырамын –бұл не себептен маңызды 

Менің алғашқы жәрмеңкеме Астана, Екібастұз және Павлодар қалаларынан 30 шебер әйелдер қатысты. Біздің елімізде өте әдемі бұйымдар тігетінқолөнершілер көп. Олар туралы ешкім білмейді, себебі олардың көпшілігінде қаржылық мүмкіндік пен өз ісін дамытуға қажетті білімі жоқ. Жәрмеңке өткізу мақсатым – қолөнершілерге осы мәселе бойынша көмектесу.

Мен барлық қатысушыларға кемінде 100 визитка алып келіп, оларды таратуғакеңес бердім. Қолөнершілерге жәрмеңкені өздері үшін барынша пайдалы қылужәне өзіне көңіл аудару туралы кеңестер беремін. Біздің ортақ тобымызда жәрмеңке қатысушылары маған және басқа қатысушыларға сұрақ қойып, тілдесіп, байланыс мәліметтерімен алмаса алады.

Инстаграмы: azatom.brand

Практикалық кеңестер

  1. Маталарды өзіңіз тұратын қаладан сатып алған дұрыс:
    • Маталарды көзбен көріп, қолмен ұстау керек. Әдетте суреттегі мата мен сатып алынатын матаның түсі мен сапасы басқа болуы мүмкін.
    • Басқа қаладан жеткізу ұзақ уақытты алады. Барлық клиенттер күтуге дайын емес, тапсырыстан айырылып қалуға да болады.
    • Егер сіз көп мата алып қойсаңыз, оны басқа қаладан айырбастау қиынболады.
  2. Матаны базардан алыңыз. Дүкенде матаның құны кем дегенде 30%-ға қымбатырақ.
  3. Матаны басқа қолөнершілермен бірігіп сатып алыңыз. Сонда матаның рулоны20%-ға арзанырақ болады.
  4. Жеке ісін жаңадан бастаған қолөнершіге қарапайым тігін мәшінкесі жеткілікті. Құндыз тігуді апасының ескі мәшінкесінде бастаған. Кейінірек ол ескі мәшенкені жаңаға айырбастап, сапаны жақсарту үшін тігістер мен шеттерді өңдеуге арналған торлағыш сатып алды. Мұндай бұйымдар ұзақ қызмет етеді, сондықтан сұранысқа ие және олардың құны қымбатырақ болады.
  5. Сіз туралы клиенттер білу үшін, алғашында бұйымдарды сатуға емес, достарыңыз бен туыстарыңызға сыйлыққа беру мақсатында тіксеңіз болады.Бұл сіздің жақындарыңызда қызығушылық тудырады, олар сіз туралыдостары мен таныстарына айтады.
  6. Жәрмеңкелерге қатысуға, өзіңіз бен жеке ісіңіз туралы айтуға қорықпаңыз. Өзіңіз туралы қысқаша ақпарат бар визиткаларды әзірлеңіз. Инстаграмда аккаунт ашып, терең мәні бар және есте сақталатын атау қойыңыз.
  7. Бір-біріңізге көмектесіңіз, тәжірибе және байланыс мәліметімен алмасыңыз.