Выберите один из доступных языков (Сізге ыңғайлы тілдердің бірін таңдаңыз):
RU KZ

ID Finance Атқарушы директоры Борис Батин Қаржы секторындағы ойын ережесін Digital белгілейтіндігі туралы хабарлады

Көп адам жаңаның барлығы — бұл жақсы ұмытылған ескі, ал Қазақстандағы қор және қаржылық технологиялар нарықтары қазір көбіне жабайы Батыс әлеміне ұқсайды деп ойлайды. Шынымен де солай ма, жаңа сегменттің ҚР қаржы саласындағы келешегі қандай, неден үміттеніп, неден қауіптенген дұрыс деген сұрақтарға «Къ» сұхбатында ID Finance компаниясының негізін қаласушы және бас директоры Борис Батин жауап берді.

– Борис, қаржылық технологиялар нарығындағы трендтер туралы айтып беріңізші. Олар қандай?

– Тренд қазір біреу — диджиталдандыру, цифрландыру, яғни offline қызметтерден интернет қызметтеріне көшу. Адамдардың бір-бірімен бетпе-бет сөйлесуі тоқтап, компьютер, жүйелер, жасанды интеллект арқылы сөйлесу форматына өзгеріп бара жатыр. Бұл барлық жерде болып жатқан тренд.

Бәлкім, чат-боттар туралы естіген боларсыз. Негізінде бұл — call орталық та, қолдау көрсету желісі де; бұл — жасанды интеллект, ол клиенттердің қойған сұрақтарына, сұрауларына және т. б. жауап береді. Шын мәнінде бұл адамды компьютермен алмастыру болып отыр. Осындай алмастыру тиімділікті арттырып, шығынды 6–7 есе, ал үлкен көлемде 10 есеге дейін төмендететінін көріп отырмыз. Чат-боттың нашар көңіл-күйі болмайды. Оған қоса, чат-боттарды пайдалану жағдайды талдауға мүмкіндік береді. Конверсия төмен болып тұрса, неге бұлай болғанын түсінуге болады.

Қазақстанда чат-боттар көптеп енгізіліп келеді. Бұл тек өтінімді қарау, ақша беру немесе мекенжайды көрсету ғана емес. Сонымен бірге шағымдармен, қолдау көрсету тобымен, нашар портфельмен жұмыс істеу, қосымша қызметтерді сату бойынша жұмыс істеу. Еске сала кететіні, технологиялардың алға ілгерілеп кеткені соншалықты, тіпті робот немесе оператор жауап беріп тұрғанын ажыратпай да қаласың. Тек жауап беру жылдамдығына қарап бірдеңені анықтауға болады. Жалпы алғанда, роботтың жұмысы адам істегенмен бірдей жақсы.

Бүкіл процеске үңіліп көрейік. Бұрын радиодан естіп, теледидардан жарнама көретінбіз, қазір осындай жарнама тиімділігі төмендеп, digital жарнамасының тиімділігі артып келеді. Оған қоса аудитория да көбіне digital арналарға, YouTube, online теледидарға көшіп жатыр. Ал ТД трансляция провайдері бар болғанда, ол көбіне өз жарнамасын қою мүмкіндігіне ие болады. Және бұл орталық арнаға барып келіскеннен гөрі арзан әрі әлдеқайда тиімді болады.

Қағаз тасығыштары азайып барады. Бұл да тренд. Digital арқасында, жүйелерді өзара біріктіру арқасында көбірек ақпаратты тексеруге болады.

– Яғни цифрландыру — бұл сән үлгісі емес, шынайылық қой?

– Иә, бұл шынайылық. Бірнеше жүз жыл бұрын адамдар атқа мініп жүретін, одан кейін көліктерге ауысты, себебі жаңа технологиялар дамыды. Біз қызықты уақытта өмір сүріп келеміз, ол барлығы дами бастаған транзиттік кезең деп аталады.

Қазір бүкіл елде, соның ішінде Қазақстанда, электрондық-цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) таныстыру бойынша жаппай науқан жүріп жатыр. Ол әр адамда болуы тиіс. Жалпы алғанда күнделікті өмірде ЭЦҚ төлқұжат сияқты қажет болады. Мемлекет адам кәмелет жасқа толғанда оны куәландыру үшін төлқұжат қажет болатындай инфрақұрылым құрды. Қазірде дәл сондай инфрақұрылым құрылу үстінде және бұдан кейін электрондық-цифрлық қолтаңбасыз жүру мүмкін болмайды.

Мысалы, Эстонияда, меніңше, Еуропадағы ең ілгері тұрған және digital идеясы ендіріліп жатқан елдердің бірінде интернетке қосылу мүмкіндігін адамның негізгі қажеттіліктерімен теңестіріп тастады. Мемлекет адамға интернетке тегін қосылу мүмкіндігін беруге міндетті, соның арқасында адам медицина, білім беру саласындағы қызметтерді қолдана алады. Осының бәрін Конституция деңгейінде істеді.

– Біздің кең байтақ сары даламызды еске алып, оны кішкентай Эстониямен салыстырып отырмын.

– Әлбетте олардың аумағы үлкен емес, соның арқасында осындай мүмкіндікке оңай қол жеткізді десе болады. Бір нәрсе жасап көруге болатын құм алаңы сияқты. Дегенмен барлық елде осылай болмақ. Тек бір жерде бұл процесс жылдам орындалса, екінші жерде баяу жүруі мүмкін. Әлемнің озық елі деп саналатын АҚШ-тың өзінде кейбір аймақтарында дамып жатқан нарықтардан, соның ішінде Қазақстаннан қалыс қалып жатыр. Ол үлкен ел болғандықтан, кейбір жүйелерді өзгерту үшін көп уақыт керек.

– Мысалы?

– Қазақстандағы банктердің IT жүйелері Америкалық банктердікіне қарағанда көш ілгері тұр. Себебі ол жақта олар 60-шы жылдарда жазылған, бұлар ірі банктер болғандықтан, жүйеге өзгеріс енгізу құны посткеңестік елдерде құрылған жастау банк инфрақұрылымына қарағанда, әлдеқайда жоғары әрі күрделі.

– Трендтер тақырыбын жалғастыра отырып, қолма-қол ақшадан толық бас тартқан елдерді мысалға келтіріп кеткен жөн шығар.

– Иә, Скандинав елдері мен Оңтүстік Корея жақын арадағы 5–10 жыл ішінде қолма-қол ақшадан толық бас тартуды жоспарлап отыр. Bloomberg агенттігінің деректері бойынша Швецияда монеталар мен банкноттар ІЖӨ-нің 1,8 % ғана құрайды. Еуропаға барғанымда, елге келіп қолма-қол ақша шешуді қажет етпейтін жағдайды байқап жүрмін. Бұрын бұл мүмкін болмайтын, такси немесе дәмханадағы түскі ас ақысын төлеу үшін әрдайым қағаз ақша қажет болатын. Енді бұл қажет емес. Мысалы, сол таксиді Uber қызметі арқылы шақыртуға болады, ал ол картаға байланған. Заң бойынша кез келген сауда орнында терминалдар болуы шарт.

Әрине, белгілі бір сәтте қарсылықтар байқалуы мүмкін. Бізде ондай жағдайлар жиі болып тұрады. Мысалы, былай дейді: «Бізде терминал бар, бірақ ол бүгін істемей тұр». «Істемесе, төлемеймін» дейсің. Бір кезде аяқ астынан істеп кетеді. Соңында сауда орындарының қожайындары бұл өздері үшін тиімді екенін түсіне бастайды, себебі адамдар картамен көп сауда жасайды.

– Ұлттық Банктің онлайн кредит беруді реттеуге тырысқанына қатысты пікіріңізді білсек

– Нарық жаңа болғандықтан, бұл секторды қалай реттеуге болады? — деген осы сұрақ әлемнің барлық орталық банктерінің алдында тұр. Меніңше, бұл жерде бірнеше сәтті ескеру керек. Реттеуші мұны дәстүрлі сектордан өзгешеленетін сәл басқаша сектор екенін түсінуі керек. Оны қолданыстағы заңдарға ыңғайлап реттеу керек емес. Сондықтан Қазақстанның Орталық банкінің әрекеттері, меніңше, қазір дұрыс сияқты, себебі реттеу туралы кенет қабылданған шешімдер жоқ және компаниялардың осы сектордан жаппай кетіп жатқаны байқалмайды. Бұл нарықтың мүлдем жаңа секторы екенін және оған басқа реттеу формаларын қолдану қажеттілігін түсініп қабылдау керек. Иә, бұған уақыт пен күш қажет. Иә, бұл экономиканың кішкентай сегменті. Дейтұрғанмен, ол өсетін болады. Осы ретте қаржылық технологиялар нарығының өскені өте маңызды, себебі сол арқылы инновациялар, жаңа технологиялар келеді. Біріншіден, кішкентай сектордың дамуына жол беріп, уақыт өте келе оның экономикадағы ірі сегментке айналуына мүмкіндік беру өте маңызды. Екіншіден, бұл уақыт өте келе басқа аса ірі салалардың дамуына серпіліс береді. Егер бастапқы кезеңде мемлекет қате қадам жасап, бұл секторды басып тастаса, онда мемлекет инновацияның жаңа толқынын жіберіп алуы мүмкін.

– Ал мұндай болып па еді?

– 20 ғасырдың басында аграрлық сектордың арқасында Аргентина ең бай ел болатын. Бірақ олар индустриаландыру толқынын жіберіп алды. Дәл осындай мысал Нокиа компаниясына да қатысты, олар барлығында болатын, бірақ смартфондар трендін жіберіп алды. TDK, Canon компаниялары да цифрландыру толқынын жіберіп алды. Елдерге қазір қаржы секторындағы цифрландыру сәтін жіберіп алуға болмайды. Сондықтан жаңа сегменттің даму негізін дұрыстап жасау маңызды болып отыр. Оның дамуына мүмкіндік беретін жаңа реттеу әдісін жасау керек. Иә, ол қазір шағын болғанымен, оның еліміз үшін тұтастай алғанда стратегиялық рөлі өте маңызды.

– Бұл бірінші қадам. Екіншісі қандай?

– Қазіргі нарықта бар ойыншылармен диалог жүргізу. Соңғылары бір нәрсені қаласа, реттеуші қарсылық білдіруі мүмкін. Бастысы барлығына ұнайтын ортақ бәтуаластығын табу болып тұр. Қазақстанда бұл диалог бар екеніне көзіміз жетіп отыр.

– ҚР Ұлттық Банкімен қандай да бір келіссөз жүргізілген бе еді?

– Біз Қазақстанның Қаржылық технологиялар компаниялары қауымдастығын құрдық, ол өте жылдам қарқынмен өсіп келе жатыр. Диалог жүріп жатыр. Бұл алғаш жасалған дұрыс қадам. Енді қазір жасалып жатқан екінші қадам нарық ретінде бізді және тұтынушыны қорғайтын реттеуші ретінде Ұлттық Банкті қанағаттандыратын ортақ ортаны табу болып тұр.

– Қазақстанда қаржылық технологиялар нарығының біршама үлесін ресейден немесе алыс шетелден келген шетелдік компаниялар алып отыр. Осы жағдайда процесті тұтынушы мүддесі қорғалатындай етіп қалай реттеуге болады?

– Шын мәнінде нарықтағы барлық қатысушылар – жергілікті ойыншылар. Олар — Қазақстанның салық төлеушілері. Ол компаниялардың Қазақстанда заңды мекенжайлары бар. Қолдануға болатын барлық шараның Қазақстандағы басқа қаржы құрылымдарынан еш айырмашылығы жоқ.

– Қаржылық технологиялар компанияларының NPL үлесі қандай?

– Барлығының атынан айта алмаймын, бірақ біздің компаниямызда мерзімінен кешіктірілген берешек деңгейі шамамен 4–5 % құрайды. Барлық елде дерлік дәл осылай. Мерзімі кешіктірілген берешек банктің жедел кредиттерімен салыстырмалы деңгейде.

– Неге? Себебі банк кредит берсе, оның пайыздық мөлшерлемесі қаржылық технологиялар компаниялары мен МҚҰ-ға қарағанда әлдеқайда төмен.

– Біздің өніміміздің мәні процестер құнын ақтау үшін шынымен де жоғары пайыздық мөлшерлемені көздейді. Себебі ұзақ мерзімді кредиттерде тіпті пайыздық мөлшерлеме аз болса да, көп пайда табуға болады. Мысалы, мен 100 теңгені 5 жыл мерзімге жылдық 20 %-бен берсем, мен скорингке, клиентті тартуға, ақша аударуға жұмсаған шығындарымды жаба алатындай 100 теңгеден артық пайда табамын. Өйткені бұл шығындар тұрақты ғой. 100 теңге мен миллион теңге берсем де, кредиттік бюроға және басқа да дерекқор көздеріне жасалатын сұрау құны бірдей болады. Яғни нарық экономикасы пайыздық мөлшерлемесі жоғары болса да, пайдалы болу үшін өніміміздің мерзімі кешіктірілген берешек деңгейі нарықтағы басқа ойыншылардікіне ұқсас болуы тиіс деп ұйғарады. Сондықтан жаңа қаржылық технологиялар компанияларының процестерді жүргізу, менеджмент тәуекелі және мерзімі кешіктірілген берешек деңгейі тұрғысынан айырмашылығы банктерден қатты өзгешеленбейді. Бұл салыстырмалы түрде.

– Скоринг жүйесі бойынша мәселелерді қалай шешесіздер?

– Тура банктер сияқты кредит бюросының дерекқорымен жұмыс істейміз. Он клиенттің ішінен әртүрлі себепке байланысты екеуіне растаймыз. Бұл жерде көптеген компаниялардың жаңа клиенттерге кредиттерді растау деңгейі дәл осындай екеніне сенімдімін. Ешкім белгілі бір қарызды төлей алмайтын клиентке ақша бермейді. Ешкімге өтелмеген төлемдердің пайызын көтеру қажет емес. Тіпті заңның жоқтығына қарамастан, қауымдастығымыздың мүшелері, мысалы, пайыздық мөлшерлемені көбейтуде өзін шектеу керектігін түсінеді, өйткені бұл нарық үшін де жақсы, клиент үшін де дұрыс. Шын мәнінде біз қауымдастық шеңберінде өзін өзі реттейтін ұйымның функциясын орындап отырмыз.

Кейбір елдерде Азаматтық кодекс деңгейінде өзін өзі реттейтін ұйымдар туралы заң бойынша қадағалау функцияларының бір бөлігі сол ұйымға өтеді. Яғни біз сала стандарттарын жасаймыз, жұмыс істеу ережелерін әзірлейміз, нарық ойыншыларының осы ережелерді орындауын қадағалаймыз. Сонымен бірге нарықта пайда болатын әр компания осы қауымдастыққа мүше болуы керек. Егер бір компания белгіленген стандарттарды орындамаса, онда ол қауымдастықтан шығарылуы мүмкін, нәтижесінде ол өз қызметін жалғастыра алмайды.

– Ал егер біреу демпингтей бастаса ше?

– Тамаша! Бәсекелестік — бұл әрдайым жақсы. Бұл бәріне жақсы. Басқа ойыншылар не бәсекелес өнімді сатып, мөлшерлемені төмендетеді, не нарықтан кетеді. Реттеу мақсаты дәл осы жағдай — қызмет құны төмендеп, қызмет сапасы артатын бәсекелес нарық құру. Егер клиент үшін ауыз жыртысып таласатын болсақ — бұл тамаша! Дәл сондықтан сол Uber не Яндекс такси нарықты өзгертті. Олар пайда болғаннан кейін клиенттер жақсы әрі қымбат емес сервиске қол жеткізді. Әуежайдан межелі жерге дейін таксимен жету бұрынғыға қарағанда үш есе арзандаған.

– Онда нарықта қалып, өз клиентіңді тарту жолы қалай?

– Мысалы, былтыр тегін кредиттер бойынша науқан өткізілді. Жаңа жылға тегін кредит алған тамаша ғой.

– Иә, ондай болды.

– Мінекей. Бәсекелестік нәтижесі осы!

– Тексеру жүйесіне оралсақ. Мысалы, адамның кредитті өтеу қабілетін қалай анықтауға болады? Ол телефон арқылы өз табысы туралы шын айтып тұрғанын қалай білуге болады?

– Бірнеше деңгейлі жүйе бар. Бірінші кезең, фрод (ағылшын тілінен fraud — «алаяқтық») болмауы, яғни кредит басқа адамның атына алынбас үшін, қарыз алғысы келген дәл сол адам екені тексеріледі. Екінші кезең, адамның қарызды өтей алатынын анықтауға мүмкіндік береді. DTI (табыстылығына қатысты төлем деңгейі), яғни хабарласқан адамның алғысы келген қарызды өтеу қабілеті тексеріледі. Біз адамға табысынан артық кредит бермейтініміз айтпаса да түсінікті. Тексерудің келесі кезеңі, адамның алған қарызын өтеуге шамасы жетсе де, төлегісі келмейтіні тексеріледі. Бұл біраз күрделі жағдай болып есептеледі. Мұны ешбір жолмен реттей алмайсың.

– Бәлкім, осы кезде коллекторлар іске кірісетін шығар?

– Шын мәнінде біз банк секторынан қатты ерекшеленбейміз. Өнім басқа. Бірақ процестер, реттеу әдісі дәл сондай. Банктер мен қаржылық технологиялар компаниялары проблемаларының деңгейі мен ауқымын ғана салыстыруға болмайды. АҚШ-тағы ипотекалық төңкеріс бүкіл әлемнің экономикасын бұзуға шақ қалды. Банктер келіп, пәтерлерді тартып алып, адамдарды далаға қуып жатады. Біз ешкімді ешқайда қумаймыз.

– Былтыр көптеген банктер ауқымды хакерлік шабуылға ұшырады. Сіз әлем жаппай цифрландыруға көшіп жатыр дейсіз. Бұл трендті ескеретін болсақ, адамдар өз ақшасын қалай қорғамақ?

– Қаржылық технологиялар компанияларының ешқайсысы offline жұмыс істемейді. Бізді банк сейфтерін тонағандай тонай алмайды. Банктерге қарағанда біз online режимде қорғана аламыз. Біздің сараптама online режимде. Банктер — бұл offline компаниялар. Олар өз клиенттерінің ақшасын мықты қорғанысы бар сейфтерді жасап қорғай алса, online қауіптен қорғануды үйренген жоқ. Бізде бәрі керісінше. Кеңсеге оп-оңай келуге болады, бірнеше деңгейлі күзетіміз жоқ, онлайн компаниялар ешнәрсені кеңседе сақтамайды. Бірақ ақшаны online түрде ұрлау — бұл әлдеқайда қиын нәрсе, себебі осы әлемде өмір сүреміз әрі жүйелеріміз қауіпсіз болу керек екенін түсінеміз. Банктер өз сейфтерін қорғау үшін қаражат салса, біз бірінші кезекте киберқауіпсіздікке қаражат саламыз.

– Басқа елдермен салыстыра отырып, нарықтың осы сегменті қай жерде және қалай дамып жатқанын айтып бересіз бе?

– Мысалы, Ресейде сауатты реттеу қолданылады. Нарық бөлек сегментке шығарылды. Оған қоса, ішкі сегменттерге бөлінді. Әр ішкі сегментке әртүрлі реттеу мен шектеу қолданылады. Мысалы, кепілзатсыз кредиттерге бір шектеу қолданылса, кепілзат қойылатын кредиттерге басқа шектеу қолданылады. Бұл дұрыс. Әртүрлі өнім әртүрлі тәсілді қажет етеді. Осының арқасында жеткілікті түрде түсінікті әрі ашық инфрақұрылым құрылды, ол өз кезегінде нарыққа қорландыруды тартуға мүмкіндік береді. Қомақты әрі арзан қорландыру қорытындысы клиент үшін аса пайдалы шарттар туғызады. Әрі қарай нарықты дамыту үшін жария облигациялар шығаруға болады. Яғни қаржылық технологиялар тренді өсуі үшін шынымен де берекелі негіз жасалды.

Тұтастай алғанда Қазақстандағы нарық жайлы: әлемдік қаржылық технологиялар трендтерінің дамуына тамаша мүмкіндік бар. Қазақстанда басқа елдерге қарағанда алаяқтық деңгейі төмен екенін атап кету керек. Сондықтан Ұлттық Банкпен бірлесе отырып, дұрыс реттеу шарасын әзірлеуге болады, яғни бәсекеге қабілетті және күшті қаржылық технологиялар нарығын өсіру мүмкін.

Грузияда да бәрі жақсы басталған. Бірақ, меніңше, реттеуді асыра сілтеп жіберген сияқты. Нәтижесінде адамдар қаржыландыруға қол жеткізе алмай қалды. Ал ондағы қаржылық технологиялар компаниялары жеткілікті мөлшерде ірі сегмент болған. Жарнамаға көп қаражат салынды, жұмыс орындары да көп болды. Бірақ асыра реттеуді қолданғандықтан, көптеген компаниялар нарықтан кетіп қалды. Қазақстанда мұндай жағдай орын алмайды деген үміттемін. Мұнда Ұлттық Банктің әдісі мүлдем басқа.

Басқа жаңалықтар
Осы өнім үшін пайдаланушылар рейтингі
star
star
star
star
star
5
ID Finance Атқарушы директоры Борис Батин Қаржы секторындағы ойын ережесін Digital белгілейтіндігі туралы хабарлады - Solva
247 дауыс